КАРТА САЙТА

|

БАЙЛАНЫС

|

ВИРТУАЛДЫ АНЫҚТАМА

|

ЖАҢАЛЫҚТАР

|

ХАБАРЛАМА

|

БЕЙНЕРОЛИК

|

СУРЕТ КӨРМЕСІ

2015-09-30

Тегін білген текті елдің ұрпағымын!

Тегін білген текті елдің ұрпағымын! Аулақпын дерегі жоқ болжамдардан, Жұртында әр ғасырдың олжаң қалған, Жамағат, біздің тарих - алтын шынжыр Әр жерден жиі үзіліп, кәп жалғанған. Есенғали Раушанов. Қазақ хандығының құрылу тарихының тарихи маңызын түсіндіріп, алған білімдерін сараптай, талдай отырып, өзгерістерді анықтап, болашақты бағдарлауға баулып, сын тұрғысынан ойлауға, өз беттерінше шешім қабылдап дәлелдемелер келтіруге, қорытынды жасай білуге, тарихи тұлғаларды құрметтеуге,


Тегін білген текті елдің ұрпағымын!

Аулақпын дерегі жоқ болжамдардан,

Жұртында әр ғасырдың олжаң қалған,

Жамағат, біздің тарих - алтын шынжыр

Әр жерден жиі үзіліп, кәп жалғанған.

Есенғали Раушанов.

Қазақ хандығының құрылу тарихының тарихи маңызын түсіндіріп, алған білімдерін сараптай, талдай отырып, өзгерістерді анықтап, болашақты бағдарлауға баулып, сын тұрғысынан ойлауға, өз беттерінше шешім қабылдап дәлелдемелер келтіруге, қорытынды жасай білуге, тарихи тұлғаларды құрметтеуге,

Отанын сүюге патриоттық тәрбиеге баулу мақсатында А.С.Пушкин атындағы ОӘҒК - да мерзімді басылымдар бөлімінің «Сырласу - Альманах» жастар клубының ұйымдастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Тегін білген текті елдің ұрпағымын» атты кеш болып өтті.

Іс-шараға ОҚМУ, ОҚМПИ, Мирас университетінен, ҚИПХДУ жоғары оқу орындарының студенттері, оқытушылары және ОҚМПИ - ның Қазақстан және әлем тарихы кафедрасының доценті, тарих ғылымының кандидаты Алдаберген Муслим Нұрмаханбетұлы, ОҚМУ - ның гуманитарлық ғылыми зерттеу институтының аға қызметкері Миразов Мұхитхан, биология ғылымының кандидаты, аға оқытушы Мыңбаева Роза Ордабекқызы, кітапхана директорының орынбасары Омарова Ақмарал Қамбарқызы қатысты.

Өз елінің, ұлтының тарихын, тілін, ділін білмей ешбір ұрпақ өз елінің азаматымын, ұлымын деп айта алмас. Қазақ хандығымен Қазақстан тарихы ол біздің ата - бабаларымыздың өткені. Қазақ хандығы шаруашылықтың дамуы, өңдіргіш күштердің өсуі, феодалдық қатынастардың қалыптасуы нәтижесінде ерте заманнан бері Орта Азияның ұлан - байтақ өңірін мекендеген көшпенді тайпалардың бірыңғай этникалық топ - қазақ халқы негізінде бірігуі арқылы XV ғасырдың орта шенінде құрылды. Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихындағы төтенше маңызды оқиға болды.



Ол ұлан — байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың байырғы заманынан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын аяқтатуда аса маңызды және түбегейлі шешуші роль атқарды.

Келген қонақтар ұлтымыздың тарихына бабалар мұрасының данғыл жолына тоқталды. Алдаберген М.Н: «Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғүн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің занды мұрагері болды. Арғы дәуірге бармай - ақ таза түркілік заманымызға зер салсақ, VI ғасырға - 552 жылы Алтайда Ұлы түрік қағанаты атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Біздің бабаларымыз - Ұлы даладағы тайпалардың басын талай мәрте қосып, берекесі қашқан кезде сан рет жауға жем болып, қайта көтеріліп алма кезек заманды өткерген» - десе, Миразов М: «Мұхаммед Хайдар Дулатидың деректеріне сүйене отырып, Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ұлысынан бөлініп, Шу мен Таластың арасында Қозыбасы тауының етегінде Қазақ хандығының шаңырағы көтеріліп, туы желбіреп, қазығы қағылғаны туралы тарихи оқиғаға тоқталып өтті. Одан соң қасқа жолды Қасым хан хандықтың іргесін бекітіп, Хақназар хан шекарасын Еділдің бойына дейің кеңейтсе, Тәуекел хан Түркістан өлкесін түгелдей Қазақ хандығына қаратты. Еңсегей бойлы Есім хан елдің іргесін бекіту жолында күрессе, Салқам Жәңгір хан Орбұлақ түбіндегі шайқаста ойсырата соққы берді. Әз Тәуке хан «Жеті жарғы» заңын енгізіп, есеңгіреген елдің жалпы ахуалын қалпына келтірулі мұрат тұтты, батырлар Әбілқайыр ханның тұлғасынан мықты қазақ мемлекетін көрді, орыс пен қазақтың достық дәнекері Әбілқайырдан бастау алды, ал Абылай хан дәуірі қазақтың қайта бір тұтасқан дәуірі болса, соңғы хан Кеңесары ханның елді қорғауда көрсеткен ерліктері мен жау қолынан қаза тауып, хандықтың жойылу кезеңі болды» - деп ойын түйіндеді.


Кеш барысыңда студенттер «Мәңілік ел - тарихы» атты бейнетаспасын тамашалап, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әбубәкір Қайранның «Жетісу» тарихи толғаныс өлеңін Түймебек Жұлдызай нақышына келтіріп оқыса, Қазтуған жыраудың «Алаң да алаң, алаң жұрт» шығармасын жатқа айтып берді.

Сондай - ақ мамандар студенттер қойған:

-         Қазақ атауының пайда болуы жайлы қандай дерек көзі бар? Оларды кімдер жазып қалдырған?

-         Алты Алаш деген кім?

-         Қазақ халқының жүзге бөлінуі қай кезден басталды? Жүзге бөлінуге қандай тарихи жағдайлар әсер етті?

- Қазіргі кезде, Қазақ хандығын зерттеу қай деңгейде? - деген сұрақтарға толық жауап беріп алған білімдерін ортаға салып пікір алмасып белсене қатысып отырған студенттер кеш барысын ұтымды пайдалануға тырысты.

ОҚМУ - ның студенті Айтуған Мейірбек «Біз жастар, ұлан - байтақ, жерімізді қорғап, елдігіміз бен тәуелсіздігіміз үшін күрескен тарихи тұлғаларымыз хандардың өмірімен, еңбектерімен танысып, олар туралы ой - пікірімізді айттық, көп нәрсе білдік, енді біз - болашақ ұстаздар «Өз - елінің өткенін білу, одан тағылым алу - әр бір қазаққа сын» деген қағиданы ұстана отырып, өзімізден кейінгі ұрпаққа яғни шәкірттеріміздің бойында Отанға, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру, ерлік пен елдікті, ынтымақ пен бірлікті дәріптеу мемлекетіміздің мызғымас тұғыры екенің айтуды ұмытпауымыз керек» - деп сөз сараптады.

Қатысушыларға арналып безендірілген «Қазақ хандығына 550 жыл» атты көрмеде - Түркі тілдес әлемнің кестесі, алғашқы тіршілік - тұрмыстық қауымдық қоғамы, қазақтардың тарихи тамырлары, ғұндар, түркілер, қыпшақтар, оғыз - қыпшақтар (бұл топ дербес екі тілге бөлінді: қазақ тілі, ноғай тілі), Қазақстан XIII - XIV ғ.ғ, Қазақ хандығының құрылуы мен кестесі, Қазақ жүздері Ресей құрамында, Ұлт - азаттық қозғалыс туралы мағлұматтар көрнекілік құрал ретінде сипат алып тұрса, «Елдіктің белгісі - Қазақ хандығы» атты басылымдар көрмесі биылғы жыл газет, журналдар беттеріне жарияланған материалдар студенттерге, мұғалімдерге, ЖОО оқытушылары мен бүкіл оқырмандарға арналған ғылыми пайымдар мен тұнған тарихи деректер көзі болып табылатыны туралы кітапханашы Тленчиева К.К. ауқымды түрде таныстырып өтті. Қатысушылар: «Ұрпағына ұлан - ғайыр қоныс қалдырған Қазақ деген тегін білген текті мінезді ата-бабаларымыздың ұрпақтары - біздерміз!» - деп тарқасты.

 

А.С.Пушкин атындағы мерзімді

 басылымдар бөлімінің 

кітапханашысы Тленчиева К.К.