КАРТА САЙТА

|

БАЙЛАНЫС

|

ВИРТУАЛДЫ АНЫҚТАМА

|

ЖАҢАЛЫҚТАР

|

ХАБАРЛАМА

|

БЕЙНЕРОЛИК

|

СУРЕТ КӨРМЕСІ

2010-09-08

Жұбан Молдағалиев

Ақпараттық – библиография бөлімі КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтың 90 жыл толуына орай «Жұбан Молдағалиев» атты ұсыныстық тізім құрастырып шығарды.


Ақпараттық – библиография бөлімі КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтың 90 жыл толуына орай «Жұбан Молдағалиев» атты ұсыныстық тізім құрастырып шығарды. Ұсыныстық тізімде Жұбан Молдағалиевтың жеке еңбекетері, сондай – ақ 1990 жылдан 2010 жылға дейінгі баспасөз беттерінде жарық көрген материалдардан көрсетілген. Ұсыныстық тізім үш білімнен тұрады;

-         Жұбан Молдағалиев туралы естеліктер

-         Жұбан Молдағалиевтың шығармалары

-         Жұбан Молдағалиевтың өмірі мен шығармашылығы жайлы матриалдар.

Ұсыныстық тізім әдебиетшілерге, көпшілік қауымға арналған.

Ірі эпик ақын, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Жұбан Молдағалиев 1920 жылы Батыс Қазақстан облысында Сайқұдық деген жерде туған. Мектептен кейін Орал ауыл шаруашылығы техникумында оқыған.

1940—1947 жылға дейін әскер қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Әскерден оралғаннан кейін түрлі қызмет атқара жүріп, шығармашылықпен айналысады. "Жас алаш", "Қазақ әдебиеті" газеттері мен "Жұлдыз" журналы редакцияларында жұмыс істейді.

Тұңғыш жинағы "Жеңіс жырлары" деген атпен 1949 жылы жарық көреді. Адуынды жырларымен ұлттық әдебиет әлемінде тез танылады.

Жұбан — өзінің атақты "Мен — қазақпын" деп аталатын поэмасымен қазақ әдебиетінің ірі тұлғасына айналған, отансүйгіштік жырларымен халық жүрегінен орын тепкен ақын. Ол — Ұлы Отан соғысы жылдарында келген ұрпақтың ірі талантты өкілдерінің бірі. Бұл жылдары жыр әлеміне келген ақындар шығармашылығында Отанға деген ерекше махаббат, халықты ерлікке шақыру, жеңіске деген үлкен сенім жатты. Сондай-ақ азаматтық намыс, кек, елге, жерге деген сағынышқа толы болды. Осы ерекшеліктер Жұбан Молдағалиевтің 1949 жылғы "Жеңіс жырлары" кітабында анық байқалады.

Ж. Молдағалиев туған жері — Жайық бойы жайлы әдемі жырлар қалдырды. Ал 1914 жылы жазылған "Сағындым, Жайық" өлеңінде ақын өзінің суреткерлігімен көрінеді.

Мұнда ақын туған, өскен жерге деген сағыныш сезімін өзен, толқын, "күмістей ақ балық", т.б. нақты дәл берілген суреттер арқылы оқырманның көз алдына келтіреді. Жайықтың әсем көрінісі өрнектеледі.

Алғашқы жырларынан-ақ Жұбан жалаң ұраншылдыққа берілмей, адамның шынайы көңіл күйін, сезімін қоршаған ортаның шындығымен астастыра жырлайды. Жұбан Молдағалиев өзінің кейбір лирикалық өлеңдерінде: "Аққу", "Махаббатты жырласаң", "Аққуым аспанда емес, жер бетінде", "Көзімде қалды суретің", т.б. сияқты жырларында адамды сүю, бағалау, жар сүю, ана махаббатын аялау, Отан сүю сезімдерін сабақтастыра жырлайды. Мәселен, "Махаббат ерлігі" атты өлеңінде махаббаттың құдіретті күші нені болса да жеңетінін паш етеді, екі мүгедектің (соқыр мен ақсақ) бірін-бірі демеп, сүйеп жүріп өнер көрсетуі өмір мен тіршіліктің өлмес күші екенін танытады.

Ақын "Мен қазақ әйеліне қайран қалам" деген белгілі өлеңінде, тарихтың тәлкегіне көне жүріп, небір қиыншылықты басынан өткізсе де аналық бейнесін сақтаған әйелді ақын дүниенің бар салмағын көтерген жермен теңестіреді.

Қай өлеңінде болмасын, даланың табиғатын да ол адамдық сезіммен қабылдайды. Оны қимас адамы — анаға балайды.

"Ғашық көзбен" атты лирикалық кітабы үшін Ж.Молдағалиевқа Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Поэзиядағы ең негізгі қасиет — сөз тығыздығы, ой қалыңдығы, сыйымдылығы, айқындылығы болса, мұнда ақын шеберлігі біртіндеп таныла түседі.

"Тірілерге тіл қату монологы" жаралы жауынгердің өлім алдындағы жан сырын жеткізуге арналған. Соғыстың, арпалыстың, азаптың ортасында от оранып жатқан жауынгердің тіршілікке, жарық дүниеге құштарлығы оқушыны бей-жай қалдырмайды. Ажалмен арпалысқан жанға шипа болған, тыныс берген, асыл сезімді, махаббатты паш етеді. Бұл пенделік емес, адамзаттық асыл сезім, үзілген өмір қосқан сезім екенін айқындай түседі.

Көптеген лирикалық өлеңдер жазған ақынның эпикалық талантының да жоғары екенін көреміз. Ол жазған поэмалар стильдік, жанрлық үлгілері жағынан әр түрлі және қазақтың эпикалық поэзиясын биікке көтеріп, жаңа сапамен байытқан туындылар болды. Алғашқы поэмаларында — "Нұрлы жол", "Қызыл галстук", "Қиял қанатында" — ақын жастарды патриоттыққа тәрбиелеу, еңбекке баулудың проблемаларын көтерді. Балалардың келешегі үшін, олардың болашағы әрқашан күн тәртібінен түспейтіні кімді болса да толғантар мәселе екенін ақын айқын, дәл суреттей отырып, жастарға үлкен сеніммен қарайды. Заман, дәуір шындығын шебер суреттеуде ақын жеткен табыстар аз емес.

"Жыр туралы жыр" (1956) поэмасында ол эпикалық талантын көрсетуде жаңа қырынан таныла түседі. Мұса Жәлел өмірі қатты толқытқан ақын ерліктің сыры мен өмір шындығы жайлы сыр толғай білді. Батырдың бейнесін жан-жақты ашуда сезімталдығы, сыршылдығы адам ерлігі мен елге, жерге деген сүйіспеншілігімен астаса жырланады. Мұса Жәлел жырының рухын биікке көтеріп, асқақтата түседі.

Ж. Молдағалиевтің ақындық даңқын көтеріп, оның есімін әдебиет әлеміне енгізген шығармасы — "Мен — қазақпын" поэмасы (1964). Бұл поэмада ақын қазақ халқының өткен өмірі мен тағдыры жайлы лирикалық-публицистикалық стильде толғана жырлады. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін ашуда, оның ерлік дәстүрі, туған жер мен ел, оның байлығы, адамдары жайлы асқақтата көркемдеп жырлай білді.

Ж. Молдағалиевтің поэмалары бүкіл одақ көлеміндегі үздік еңбектердің қатарында бағаланып, КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Оның шығармаларында қазақтың ұлттық мінезі, сипаты терең ашылып бейнеленді.  Ұсыныстық  тізім үш бөлімнен  тұрады.


 

Жұбан Молдағалиев туралы естеліктер

 

Халқын қалтықсыз сүйген, өзі де көзі тірісінде ұлтының шынайы сүйіспеншілігіне бөленген ұлы жүректі азамат, көрнекті ақын Жұбанның өмір жолына көз жіберсек, оның ақындық, қайраткерлік тұлғасының қалыптасу тарихынан ғұмыры күрес пен ерлікке толы айбынды азаматтың сындарлы тағдырын көреміз.

Серік Қирабаев.

 

 

«Ақын болу – мақсат емес, бірақ азамат болуға міндеттісің»  деген қанатты сөз бар. Жұбан осының екеуін де тең ұстаған үлкен жүректі азамат еді. Оның  ақындығы мен азаматтығы бірін – бірі толықтырып, жетілдіріп тұратын. Асылы, шын жақсы ақындық ой, толғам адал, азамат адамның ойынан шығады ғой. Осы тұрғыдан Жұбан орны ерекше бөлек еді. Оны біздің іздейтініміз де , сағынатынымыз да сондықтан.

 Серік Қирабаев

 

 

Жұбанның ақындық жолы түгелдей  өз дәуірімен, өзі өмір сүрген ортаның шындығымен  байланысты. Ол  оны талмай жырлады. Және  жалаң алмай, тарихи салыстырулар арқылы, өткен өмір және болашақ жайлы ойлармен толықтырды, сол негізде дәуір, заман туралы терең  толғаныстар жасады.

Серік Қирабаев

                      

 

Жұбағаңды еске алғанда ол өзінің ақжарқын мінезімен, бұлақтай мөлдір көңілімен, жарқыраған ашық күлкісімен, кең маңдайлы, жылы өңді нұрлы жүзімен – сұлу біткен бүкіл бейнесімен көз алдыма келеді. Өзімнің шығармашылық сапарымның да , еңбек жолымның да бастапқы қадамын аттағанымда жөн нұсқаған, бағыттаған, ақыл берген бірінші ағам, өнеге көрсеткен, жебеген бірінші жетекшім – осы Жұбағаң еді.

Нығмет Ғабдуллин.

 

 

Жұбан ағаға желтоқсан оқиғасы өте ауыр тиді. Ол «қазақ жігіттері мен қыздарының соққыға жығылып, қан-жос болғанын көргенше, соғыста өлгенім артық еді»  деп күңіренді. Бұл өте ауыр сөз еді. Мұның арты ауыр науқасқа ұласты. Арада екі жыл өткенде 1988 жылы дүние салды.. Меніңше, ол желтоқсан салған жарадан жазылмай кеткендей болады да тұрады.

 

Наурызғали Әбілқайыров.

 

 

Ақынның өлең өңіріндегі ақпа таланты мен Отанға , туған жерге деген адал махаббаты да , табиғатқа, қоршаған ортаға деген ыстық ықыласы мен дос-жаранға, тума-туысқанға деген ақжарқын көңілі де сол поэзиясында.

Базарғали Қуатов.

 

 

Жұбан ақын боп туып, Махамбет болып өлді.

Садықбек Адамбеков.

 

 

Жұбан Молдағалиевтың мінбеден сөйлеген сөздерінен, ауызша әңгімелерінен, сәтті өлең – жырларынан, дастарынан ылғи да сабырлықтың, ұстамдылықтың, көпті көргендіктің, азаматтық жауапкершіліктің лебі есетін.

Мұзафар Әлімбаев.

 

Халық жазушысы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жұбан Молдағалиев ақын болумен қатар белгілі қоғам қйраткері еді. Осындай екі қасиетті бойына дарыта білген ол азаматтық поэзияның туын биік ұстаушылардың бірі болды.

Қалтай  Рысбеков.